Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

№ 1 Тур маршрут «Жошы»

Жошы хан, Алаша Хан, Домбауыл кесенелері –  Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай Қаракеңгір өзенінің бойында орналасқан көне архитектуралық ескерткіштер.

Маршруттың ұзақтығы 180 км. Экскурсия жолдағы уақытты қоса алғанда 4-5 сағатқа созылады. Маршрут Жезқазған қаласынан Сәтбаев қаласы арқылы Малшыбай ауылына баратын бағыт бойынша жүргізіледі.

 

Бірінші аялдама — «Жошы тарихи-мәдени» кешені. Жошы Хан кесенесі жанында «Жошы тарихи-мәдени» кешені туристерге қызмет көрсетеді. Кешен Алтын орда дәуіріне жататын жәдігерлері жинақталған ақапарат залы және қонақ үй мен жабдықталған.

Байланыс телефоны: +7 777 213 99 22

Екінші аялдама – Жошы Хан кесенесі. Жошы Хан Шыңғыс Ханның үлкен ұлы, Ұлық Ұлыстың (Алтын Орданың) негізін қалаушы Батыйдың әкесі. Кесене XIІІ ғасырда салынған, жанында Орда базар қалашығының орны сақталған. Кесене айналасында Алтын Орда дәуіріне жататын 24 мазар шоғырланған.

Жошы хан кесенесі порталды-күмбезді архитектуралық құрылыстар қатарына жатады. Құрылыс материалдары – күйдірілген жоғары сапалы қызыл кірпіш пайдаланылған. Порталдың бет жағындағы  П-тәрізді босағаның қуысында өрнекке пайдаланған тақта кірпіштердің ауданы  45х45 см. Бұл кірпіштерде өрнекпен бірге шағатай тіліндегі жазу да болуы мүмкін. Кесененің ішіндегі қабырғалар сазды-саманды ерітіндімен сыланған. Көзге айрықша түсетін нәрсе – салтанатты порталы. Кесененің қос қабатты күмбезі бар. Олар: ішкісі – жарты сфералы және сыртқысы – сфероконустық, әрі екі барабанда орналасқан: төменгісі – он жеті жұлдызшалы және жоғарғысы – дөңгелек барабанды. Дөңгелек барабанға орнатылған күмбездің төбесінде жасыл сырлы құбба орналасқан. Қырланған барабан мен сыртқы күмбездің қаптамасы көк зертасты шаршы тақталармен жасалған.

Үшінші аялдама – Домбауыл кесенесі, Жошы Хан кесенесінен 7 км қашықтықта. Оғыз-қыпшақ кезеңіне жататын (IX-XI ғғ.), пішіні күмбез тәрізді көне сәулет ескерткіші. Кесене қызыл тас пен сазды балшықтан тұрғызылған. Кіреберісі шығысқа бағытталған. Ғимараттың жалпы биіктігі 6 метр.

Астыңғы қабаты шаршы пішіндес, үстіне киіз үй тәріздес күмбез салынған. Кешеннің еденіне тас аралас топырық жайып, оның үстіне жалпақ тақта тастар төселген. Қабырғалары 3 м-ге көтеріліп барып, көлденең бөренелермен жабылған.

Домбауыл (Добын мерген) – қият руынан шыққан батыр, әрі күйші болған.

Академик Ә.Марғұланның айтуынша, қият – бұрын Алтайдың шалғай жерінде өмір сүрген ғұндардың қыпшақтар, коңыраттар, алшындар, арғындар тәрізді ұрпақтары. Сонымен қатар, Домбауылдың есімі Қорқыт-ата кітабында да кездеседі. Онда Домбауыл (Домрул) ержүрек батыр ретінде суреттеледі.

Төртінші аялдама – Алаша Хан кесенесі. Ғалымдар кесенені Қараханид, кейбірі Алтын Орда заманының сәулет өнеріне жатқызады. Кесене кірпіштері әр кезеңді қамтығандықтан, ХI-XVI ғасырлар аралығында біртіндеп салынған деген болжам бар.

Порталды-күмбезді сәулет өнері үлгісіне жатады. Биіктігі — 10 м. Күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған. Құрылыс үстінен биіктігі екі жарым метрге жуық барабан — күмбез мойындығы салынып, одан күмбез шығарылған. Сырт көрінісі кірпіштерді қиюластыра қалау арқылы шырша (алаша кілем) тәріздес өрнекпен қаланған. Кіреберіс сол жақ бұрышта баспалдақты тар қуыс бар. Сол арқылы жоғары көтеріліп барып, күмбездік екінші айналма қабатқа (барабан галереясы), одан портал аркасының желке тұсынан кесене үстіне шығуға болады.

 

 

№ 2 Тур маршрут – «Ақмешіт. Әулие тау»

 

Ұлытау ауылы Жезқазған қаласынан 130 км. қашықтықта орналасқан Ұлытау ауданының орталығы.

Маршруттың ұзақтығы барып қайту жолымен 260 км. Экскурсия тауға шығу уақыттын қоса алғанда 9-10 сағатқа созылады. Маршрут Жезқазған қаласынан Сәтбаев қаласы арқылы Ұлытау ауылына баратын бағыт бойынша жүргізіледі.

 

Бірінші аялдама – Басқамыр қалағышы. Ұлытау ауданы, Жезді кентінен солтүстікке қарай 25 шақырым жерде, Талдысай ауылы маңында орналасқан. Қалашық ІХ-ХІІ ғғ. жатады.

Орталық Қазақстанда ортағасырларда болған қалалардың ішіндегі сәулет өнерінің ең күрделілерінің бірі. Ол – ортағасырлық қамал қала. Қаланың сырты да, цитаделі де ормен және топырақпен қоршалған. Қоршаудың астыңғы іргесі жалпақ гранит тастармен, үстіңгі жағы тас пен күйдірілген кірпішпен өрілген. Қаланың ішкі солтүстік бұрышында арық бойымен келетін ауыз су сақталатын шұңқыр бар.

Академик Ә.Марғұлан мен т.ғ.д С.Агаджанов араб тарихшысы Әл-Идрисидің 1154 жылғы «Нузнат-ал-Муштаг фи-ихтарак ал-Афаг» атты еңбегі мен «Сурат-ал-Ард» деген картасын зерттей келе «Оғыздардың бас қаласы Қиян (Хиям) қаласының орналасқан жері ол қазіргі «Басқамыр» қалашығы» деген пікір айтқан. Қала тұрғындарының алтын, күміс, мыс балқытуымен айналысқаны, мал өсірумен, саудамен шұғылданғаны осы еңбектерде көрсетілген.  1982 жылы республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген.

Екінші аялдама – Күміс бұлақтағы «Көкбөрінің» алып ескерткіші. 2020 жылы түркі жұртының киесі саналатын Көкбөрі ескерткіші бой көтерген. Ескерткіштің биіктігі – 9,7 метр, онын ішінде мүсіннің биіктігі – 6 метр, ал тұғыры 3,7 метрді құрайды. Ішкі құрылымы темірден әзірленіп, сыртқы келбеті пластик материалдан құйылған. Автордың айтуынша, бұл – әлемде осындай сипаттағы әрі осындай көлемдегі тұңғыш ескерткіш.

Үшінші аялдамаХалықтар тұтастығы мен бірлігі монументі. 2005 жылы Ұлытау ауылына кіреберіс тұстағы Айыртау тауының етегіне орнатылған. Монумент әлемнің төрт бұрышын бейнелей орналасқан, биіктігі – 30 метр.

Төртінші аялдама – Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейі. Музей 2025 жылы Ұлытау ауданының орталығында ашылған. Музей «Қазақтың ұлттық аспаптары», «Көне Ұлытау», «Өлке тарихы» және «Академик Т.Шарманов кабинеті» залдарынан тұрады.

Бесінші аялдама  —  Тас бұлақ. Ұлытау ауданының орталығында «Өркештаудың» етегінде ағып жатқан су көзі. Тау тастарының арасынан табиғи сүзбеден өтіп, үлкен мөлшердегі қысыммен гранит тасты жарып шығады. Бүгінде сыртқы аймақтардан бұлақ суын жылдың төрт мезгілінде де алғызып ішетіндердің қатары көп. Тасты жарып шығып ағатын бұлақ суы өте жұмсақ, әрі мөлдір.

Алтыншы аялдама – «Ұлытау» сапар орталығы. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының сапар орталығы өңірге келетін туристерге арналған кешен. Орталық — музей көрме залдары, конференц залдар және қонақ үймен жабдықталған. Байланыс телефондары: 8 (71035) 23097, (қонақ үй бойынша: +7 707 414 12 12, +7 705 724 73 13).

Әлеуметтік желілері: @ulytau_ulttyq_muzei_qorygy

Жетінші аялдама – «Гүлсара ана» шипалы бұлағы. Халық Ембұлақ деп атап кеткен шипалы бұлақ «Ұлытау ұлттық паркінің» аумағында, тау етегінде орналасқан.

Сегізінші аялдамаАқмешіт кешені. Ұлытау жотасының ең биік шыңы, теңіз деңгейінен – 1133 метр биіктікте орналасқан. Тау басында ежелші ғибадатхана немесе қамалдың орны және обалар сақталған. 1950 жылдары академик Ә.Х.Марғұлан зерттеген бұл құрылыс гранит тақталардан қаланған, көлемі 42х42 метр. Ескерткіш республикалық маңызға ие. Ел ауызындағы аңыз бойынша тау басында 7 әулие жерленген. Ұлытау ауылынан басталатын жаяу жолмен шамамен 1,5-2 сағатта шыңға жетуге болады.

 

 

№ 3 Тур маршрут «Хан ордасы, Алтын шоқы»

 

Хан ордасы және Алтын шоқы Ұлытау ауылынан солтүстік-батыс бағытта орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштері.

Маршруттың ұзақтығы барып қайту жолымен Жезқазған қаласынан 356 км, Ұлытау ауылынан 96 км. Экскурсия жолдағы уақытты қоса алғанда, Жезқазған қаласынан басталған жағдайда 7-8 сағатқа, Ұлытау ауылынан басталған жағдайда 4-4,5 сағатқа созылады. Маршрут Жезқазған қаласынан Сатбаев қаласы арқылы Ұлытау ауылына, әрі қарай Сарлық ауылына баратын бағыт бойынша жүргізіледі.

Бірінші аялдама – Хан ордасы. Ұлытау селосынан солтүстік-батыс бағытта 25 км.  қашықтықта орналасқан қорған. Қаратал өзенінің сол жағалауында, төрт бұрышты етіп салынған құрылыстың ұзындығы 150 метр, ені 90 метр шамасында. Қорған бір-бірімен жапсарластыра салынған екі бөліктен тұрады, іргесімен су ағатын ор қазылған.

Екінші аялдама – Алтын шоқы. Ұлытау селосынан солтүстік-батыс бағытта 48 км. қашықтықта орналасқан Әмір Темірдің тасқа қашап қалдырған жазбасы сақталған төбе. Қаныш Сәтбаев 1935 жылы геологиялық зерттеу жүргізу барысында Тұранның әйгілі билеушісі әрі қолбасшысы Әмір Темірдің жазып қалдырған белгітасын тауып алып, белгітастағы жазуды ғылыми тұрғыдан зерттеу жөнінде Ресейдегі ғалымдармен келісімге келген. Сонымен, Алтын шоқыдан табылған тарихи тасты белгілі шығыстанушы, КСРО Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті Н.Н. Поппе, түрколог-тарихшы А.И. Пономарев және т.б. зерттеп, жазуын араб және шағатай тілдерінен аударып шықты.

Тастағы жазба 11 жолдан тұрады. Бастапқы үш жолы араб тілінде, қалған 8 жолы шағатай тілінде жазылған.

Бүгінде аталған белгітас Санкт-Петербургтағы Мемлекеттік Эрмитажда сақтаулы тұр. 1990 жж-дың соңында оның ең алғашқы көшірмесі жасалып, Жезқазған қаласындағы «Қазақмыс» компаниясының Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейіне қойылды. Кейінірек тағы бір көшірмесі Алтыншоқыға апарып қойылды. Жалпы бүгінде оның түпнұсқасынан бөлек 6 көшірмесі жасалған екен.

 

 

№ 4 Тур маршрут «Едіге»

 

Едіге тауы Ұлытау тауларының арасында орналасқан. Биіктігі 1045 м. Ұлытау селосынан 30 км қашықтықта орналасқан.

Маршруттың ұзақтығы барып қайту жолымен Жезқазған қаласынан 290 км, Ұлытау ауылынан 60 км. Экскурсия жолдағы уақытты қоса алғанда, Жезқазған қаласынан басталған жағдайда 8-8,5 сағатқа, Ұлытау ауылынан басталған жағдайда 4-4,5 сағатқа созылады. Маршрут Жезқазған қаласынан Сатбаев қаласы арқылы Ұлытау ауылына, әрі қарай Сарлық ауылына баратын бағыт бойынша жүргізіледі.

 

Бірінші аялдама – Айбас дарасы, Едіге тауынан солтүстік-батысқа қарай бір жарым шақырым жерде орналасқан, қола дәуіріне жататын ежелгі ескерткіштер кешені. Қорымды 1946 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы ашқан. 1956 жылы ескерткішті академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның басқаруымен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген.

Ескерткіш кешені кейінгі қола дәуіріне жататын тас қоршаулар, обалар, ежелгі түркі кезеңінің белгілері сақталған бейіттер мен Қазақ хандығы тұсындағы қорымдардан және екі жағын су қоршап тастан өрілген қамал-бекіністен тұрады. Бұл қамалды жаугершілік замандарда жергілікті халық басқыншылардан қорғану үшін тұрғызған. Айбас дарасындағы ескі молалардың барлығы дерлік тоналған, қиратылған. Таспен қоршалған обаның пішіні төртбұрышты, көлемі 25х25 метр, биіктігі 2-2,5 метр. Қабір жалпақ тас  плиталармен жабылған. Сыртқы қабырғалары тік қойылған тақта тастармен қаланған, қалындығы 4-6 метр, қақпасын батыс жағынан шығарған. Солтүстік-батыс бұрышында көлемі 3,5-1,2 метр бөлме орны сақталған. Бұл зират Беғазы-Дәндібай ескерткіштеріне ұқсас және кейінгі қола дәуіріне жататын осы аттас мәдениеттің таралу шекарасының ең батыс нүктесі болып есептеледі. 2004 жылдан «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде қорымды қоршап тұрған қамал-бекіністі зерттеу жұмыстары, ал 2005 жылдан бастап қоныс орнына қазба жұмыстары жүргізілді.

Екінші аялдама – Едіге тауы. Халық арасында таудың ұшар басында Алтын Орданың ханы Тоқтамыс пен Алтын Орданың әміршісі, қолбасшысы Едіге жерленген деген әңгіме бар. Едіге Алтын Орда ханы Тоқтамыспен тұстас болған. Ноғай ордасының негізін калаушы. Кейін Тоқтамыс ханды өлтіреді. Өзі 1419 жылы Сарайшық қаласының жанында Тоқтамыстың баласы Қадірбердінің қолынан қаза табады. Ел-жұрты Едіге бидің денесін Ұлытауға әкеп қойған соң, Едігені жерлеген төбені ел «Едіге тауы» атады.

 

 

№ 5 Тур маршрут «Қорғасын»

 

Қорғасын ауылы – Ұлытау ауданы орталығынан 90 км. қашықтықта орналасқан елді мекен. Бұл өңірде Кейкі мерген үңгірі, Мақат сағанасы, Ақжар шатқалы және көне шахталар сынды тарихи-табиғи ескерткіштер орналасқан.

Маршруттың ұзақтығы барып қайту жолымен Жезқазған қаласынан 510 км, Ұлытау ауылынан 220 км. Экскурсия жолдағы уақытты қоса алғанда, Жезқазған қаласынан басталған жағдайда 11-12 сағатқа, Ұлытау ауыланан басталған жағдайда 7-8 сағатқа созылады. Маршрут Жезқазған қаласынан Сатбаев қаласы арқылы Ұлытау ауылына, әрі қарай Қорғасын ауылына баратын бағыт бойынша жүргізіледі.

 

Бірінші аялдама – Қорғасын өндірген көне шахта (XX ғ басы). Қорғасын шахтасы – бұл Ұлытау өңіріндегі индустриалдық тарихтың белгісі. Ағылшындар ашқан бұл шахта Шеңбер ауылында орналасқан. Сол кезеңде шетелдік инвесторлар қазақ даласының жер қойнауындағы байлығын зерттеп, өндіріс ошақтарын салған алғашқы кәсіпорындардың бірі дәл осы шахта болды.

Бүгінде шахта жұмыс істемесе де, оның орны – Ұлытаудың индустриялық дәуірге аяқ басқанын айғақтайтын маңызды ескерткіш.

Екінші аялдама – Кейкі мерген үңгірі. 1916 жылғы Торғайдағы Ұлт-азаттық көтерілісінің қаһармандардың бірі Кейкі мерген паналаған орын. Батыр қуғынға ұшыраған жылдарында Ұлытау, Сарлық, Жетіқыз, Сарыторғай, Қараторғай өзендері маңында жасырынған үңгір биіктігі 30 м қатпар жартасының орта деңгейінде. Ішіне 7-8 адам еркін сияды, төбесі биік. Оң жақ бұрышында ішке кіретін қуыс бар. Үңгірден көз көрім жер анық бақыланады. Етегіне қалың тал, қайың өскен. Батыр осы аймақта 1919-1923 ж. паналаған. Кейкі үңгірі Шеңбер ауылынан Сарыторғайға қарай Қараторғай өзенінің солтүстік беткейіндегі биік жартаста, Мақат сағанасы кесенесінен 2 км. шығысқа қарай, өзен иірімінде орналасқан.

Үшінші аялдама – Мақат сағанасы. Ұлытау ауданы, Шеңбер ауылынан солтүстік-батысқа қарай 8 шақырым жерде орналасқан республикалық маңызы бар ескерткіш. Кесене күмбезді орталық формамен бейнеленген, бұрыштары дөңгелек бағандармен қапталған, конустық күмбез орнатылған. Қабырғасының қалыңдығында кесененің төбесіне кіретін есік бар. Мақат кесенесі 18 ғасырда тұрғызылған деген пікір бар.

Төртінші аялдама – Ақжар шатқалы. Ақжар төңірегіндегі «түрлі-түсті таулар» деп аталатын, табиғи жыныстан пайда болған тау түзінділері өз әсемдігімен таңғалдырады.

 

 

№ 6 Тур маршрут «Бұланты»

 

Бұланты монументі – Ұлытау ауданы, Байқоңыр ауылынан онтүстік-батысқа қарай 20 км. жерде ораналасқан. Аталған бағытта М.Төрегелдин атындағы жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі мен Қ.И.Сатбаевтың музей-үйін тамашалауға болады.

Маршруттың ұзақтығы барып қайту жолымен 340 км. Экскурсия жолдағы уақытты қоса алғанда 6-7 сағатқа созылады. Маршрут Жезқазған қаласынан Жезді кентіне, одан әрі Қарсақбай кенті арқылы Байқоңыр ауылына бағытталған жол бойынша жүргізіледі.

 

Бірінші аялдамаМ. Төрегелдин атындағы жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі. 1994 жылы ресми түрде ашылған, оның ашылуына геология-минерал ғылым докторы М.Қ. Сәтбаева, көрнекті ақын, қоғам қайраткері К.Салықов бастаған бір топ ғалымдар қатысқан. Музейде ежелгі дәуір, орта ғасырлардан бастап қазіргі кезеңге дейінгі тау-кен және металлургия өндірісінің пайда болуы, қалыптасуы мен даму тарихы, қазба байлықтарды игеру мен өндеу тарихы тақырыбында жәдігерлер мен құжаттар сақталған.

Қ.И.Сәтбаев, Ә.Х.Марғұлан, П.Б.Бекмұхаметов зерттеулеріне сүйене отырып жинақталған мұралар музей төрінен орын алған.

Екінші аялдама – Қарсақбай кентінде орналасқан Қ.И.Сәтбаевтың музей-үйі. Ғалым 1929-1941 жылдар аралығында отбасымен бірге осы үйде тұрған. 1969 жылы сәуірде Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай ұлы ғалымның 15 жыл тұрған  үйі мен бұрыңғы кеңсесінің қабырғасы қосылып, мемориалдық музей-үй болып ашылған.

1929 жылы Қарсақбай мыс зауыты мен «Атбасцветмет» тресі біріктіріліп, Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинаты құрылды. Қ.Сәтбаев жаңа өндірістің бас геологы және геология бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалады. Қарсақбайға келген үш жылдың ішінде ол Жезқазған өнірінің мыс қоры кем дегенде 1 миллион тоннадан астам екендігін дәлелдейді.

Ғалымның жеке мұрағатынан алынған, оның ұрпақтары жинақтап өткізген жәдігерлер – музей қорының басты құндылығы.

Үшінші аялдама – Бұланты шайқасы монументі. Ұлытау ауданы, Байқоңыр ауылынан онтүстік-батысқа қарай 20 км жерде орналасқан.

Бұланты шайқасы – Бұланты және Білеуті өзендері аралығындағы қазақ жасақтарының жоңғар басқыншыларына қарсы шайқасы. Әбілқайыр хан басқарған қазақ әскері (30 мың қол) Білеуті өзенінің маңындағы жау бекінісіне 3 күнде жетіп, жоңғар басқыншыларына (40 мың қол) күтпеген соққы жасаған. 3-7 күнге созылған шайқас нәтижесінде, қазақ жасақтары жеңіске жетеді. Ол жеңіс «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» есін жиып, бойын тіктеп үлгермеген халыққа рух берді. Елбасы Н.Назарбаев «Бұланты шайқасы – біз үшін орыстардың Полтава шайқасымен пара-пар» деп бағалайды. Бұланты шайқасы алдағы үлкен ұрыстардың, үлкен жеңістердің қозғаушысы болды. Содан кейін қазақ тарихында жоңғар басып алған қазақ жерлерін азат ету кезеңі басталады.

Қазақ хандығының 550 жылдығы аталған жылы Бұланты шайқасы болған жерге ескерткіш-стела орнатылып, сол шайқасқа қатысқан батырлардың есімдері жазылған тасбелгілер қойылға

Төртінші аялдама — Бұланты, Білеуті петроглифтері – Стелаға қарама-қарсы, өзеннің оң жағалауындағы жартастарда қола, ерте темір дәуірлері, ортағасыр кезеңдерінде салынған суреттер бар. Байқоңыр ауылының оңтүстігіне қарай 2 шақырым жерден басталып, 20 шақырымға созылған өзен жағасындағы жартастарда аңдардың, малдардың, аңшылық ету сәттерінің көріністері, күнбасты адамдар мен арба бейнелері ойып салынған.

 

 

№ 7 Тур маршрут «Болған ана»

 

Болған ана және Құлан ана кесенелері – Жезқазған қаласынан оңтүстік бағытта 50 км жерде, Сарысу мен Қаракеңгір өзендерінің құйылысында, Қаражар шатқалында орналасқан.

Маршруттың ұзақтығы барып қайту жолымен 100 км. Экскурсия жолдағы уақытты қоса алғанда 5-5,5 сағатқа созылады. Маршрут Жезқазған қаласынан Қызылорда қаласына бағытталған жол бойынша жүргізіледі.

Бірінші аялдама — Болған ана кесенесі – Жезқазған қаласынан оңтүстік бағытта, 50 шақырым жерде, Сарысу мен Қаракеңгір өзендерінің құйылысында, Қаражар шатқалында орналасқан.

Ортағасырлық сәулет өнер ескерткіші. Жалпы құрылыстың сақталған бөлігінің биіктігі пештак бөлігінде – 3,70 метр, ал параллелепипедті негізгі көлемінде – 2,90 метр. Кесененің қасбетіндегі арқалы, порталды (сақталмаған) кірер аузының айналасы қуыстана қаланып, қабырғаның өрнегі ретінде жасалған. Бөлменің төменгі шаршы бөлігінің күмбез шеңберіне өтер тұсындағы бұрыштары арқалы тромпты тәсілмен өрілген. Тромп қолтықшалары қосарланған кірпішті қиғаштау бұрышын шығара қалау арқылы өрнектелген. 2018 жылы археолог Айбар Қасеналин кесенеге археологиялық зерттеу жұмысын жүргізді. Қазба жұмысы барысында алтын тостаған, жібек матадан тігілген шапан, ер-тоқым, қару-жарақ және тағы басқа жәдігерлер табылды.

Аңыз бойынша Болған ана – Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның қызы. Қаңлы елінің ханы Сығанақ-тегіннің әйелі болған. Тағы бір аңызда Болған ана Алаша ханның келіні делінсе, келесі бір аңыз бойынша ХV ғ. басында жоңғарлар келгенше Орталық Қазақстанда билігі жүрген патшайым болған.  Ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерге қарағанда, Болған ана тоқсан жасқа келіп көз жұмған әрі артынан көп ұрпақ қалдырған батыр ана. Жұбайы Сығанақ-тегін өмірден өткеннен кейін, оның орнында ел билеуші тұлға болып қалған.

Болған ана кесенесі туралы алғашқы мәлімет XVI ғасырға жататын Хафиз Таныштың «Шараф-наме-йи шахи» («Шахтың даңқтары туралы кітап») атты еңбегінде кездеседі. Онда Бұхар ханы Абдаллахтың қазақ даласына, соның ішінде Ұлытау өңіріне 1582 жылы жасаған жорығы кезінде Болған Ана кесенесінің қасына әскерімен тоқтағаны жазылған.

Екінші аялдама — Құлан қатын кесенесі. Сарысу мен Қаракеңгір өзендерінің құйылысында, Қаражар шатқалында, Болған ана кесенесінің қасында 15 метр ара қашықтықта орналасқан. XIV-XV ғасырларға тән кесене көлемі жағынан Болған ана кесенесінен кішірек. Аңыздарға сүйенсек, Құлан қатын Шыңғыс ханның екінші әйелі болған және Жошының өліміне себепкер болған деп те айтылады. Дегенмен тарихи деректерде онын өмірі туралы, қай жылдары өмір сүргендігі жайында нақты көрсетілмеген. Басқа тұжырымдамалар бойынша оны моңғолдардың Ұлытау жеріне келгенге дейін, яғни Жошы ханға дейін ертеректе өмір сүрген делінеді.

 

 

№ 8 Тур маршрут «Теректі әулие»

 

Теректі әулие – Жезқазған — Қарағанды тасжолында 90 км жердегі Теректі темір жол станциясынан солтүстік-шығысқа қарай 17 шақырым жерде төбенің басында тасқа бейнеленген петроглифтер кешені.

Маршруттың ұзақтығы барып қайту жолымен  – 214 км. Экскурсия жолдағы уақытты қоса алғанда 5-5,5 сағатқа созылады. Маршрут Жезқазған қаласынан Қарағанды қаласына бағытталған жол бойынша жүргізіледі.

 

Бірінші аялдама — Төбе басында жалпы саны 300-ге жуық қашалған суреттер бар. Оның 200-ге жуығы жануарлардың бейнесі. Солардың ішінде 90 пайызы жылқы бейнесі кескінделген.

Айналасында тас дәуірі тұрақтары, қола дәуірінің қонысы мен қорымдары, ерте темір кезеңінің обалары, ортағасыр жерлеу орындары, XVII-XX ғғ. мазарлары, бағалы металдарды өндіретін көлденең және тік ұңғымалар қалдықтары және т.б ғажайып тарихи ескерткіштер орналасқан.

Теректі әулие жөнінде алғашқы дерек Әл-Бирунидің (XI ғ.) бұлақ басына жақын маңдағы адам табанының және тұлпар тұяғы ізінің суреттеріне арналған жазбаларында кездеседі.

Алғашқы ғылыми сипаттаманы ХХ ғ. 40 жылдары академик Ә.Х.Марғұлан берген. Археологиялық ескерткіштерді кешенді түрде зерттеу 1996 жылдан бастап жүргізілді. Теректі әулиені зерттеген  ғалымдар — Ж.Қ.Құрманқұлов, З.С.Самашев, Ж.Жетібаев, Д.Байтлеу және жергілікті тарихшылар, археолог Л.Сембинова, А.Искаков, М.Бедельбаева, В.Новоженов.

 

 

№ 9 Тур маршрут «Жаңаарқа»

 

Жаңаарқа кенті – Жаңаарқа ауданының орталығы. Жезқазған қаласынан 325 км қашықтықта, Қарағанды қаласына баратын республикалық жолдың бойында орналасқан. Бұл өңірде Жұбан-Ана күмбезі, С.Сейфуллин атындағы Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану музейі және Сәкен Сейфуллин үңгірі сынды тарихи ескерткіштер орналасқан.

Маршруттың ұзақтығы барып қайту жолымен 700 км. Экскурсия жолдағы уақытты қоса алғанда 10-11 сағатқа созылады. Маршрут Жезқазған қаласынан Қарағанды қаласына бағытталған жол бойынша жүргізіледі.

Бірінші аялдама – Жұбан Ана күмбезі. Күмбез Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы 189-разъезден солтүстік-шығысқа қарай 2 км. жерде, Сарысу өзенінің солтүстік жағасында XI ғасырда ірге көтерген архитектуралық ескерткіш. Академик Ә.Х.Марғұлан бұл ескерткішті қыпшақтардың ортағасырлық құрылысына жатқызды. Жұбан-Ана күмбезі төрт бұрышты текше жобамен салынған. Қабырға қалауының үстінен барабан (мойындық) шығарып, оған сегіз қырлы күмбез орнатылған. Ішкі төрт бұрышында сүйірлеп шығарған михрабтары бар. Аузы оңтүстік-шығысқа қараған. Күмбезі мен барабаны шаршы кірпішпен өрілген. Жұбан-Ана күмбезі республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Екінші аялдама – С.Сейфуллин атындағы Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану музейі. Музей 1984 жылы ресми түрде ақиық ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 90 жылдығына орай ашылған. Музейде — Жаңаарқа өңірінің даму тарихы, елдің тіршілігіне байланысты қол өнер бұйымдары, осы өңірдің дамуына үлес қосқан тұлғалар жайында құнды жәдігерлер мен мәліметтер жинақталған.

Байланыс телефондары: 8(710) 302-8543, 8 (710) 302-6328

Үшінші аялдама – Сәкен Сейфуллин үңгірі. Жаңаарқа кентінің солтүстік-шығысында 25 км жерде, Сәкен Сейфуллин ауылының іргесіндегі Иманақ тауында орналасқан. Иманақ тауының бауырында көптеген тұлғалар өскен. Соның бірі – Сәкен Сейфуллин. «Дүйсенбек» деген атпен осы үңгірде жасырынған. Үңгірдің ішінде Сәкен отырған тас үстел мен орындық, ал алдында әулие тал бар. Сол әулие талға келушілер ырымдап орамал байлайды. Иманақтың бауырында Аққұдық атты Сейфолланың жайлауы орналасқан. Сәкен Сейфуллиннің балалық шағы осы жерде өткен. С.Сейфуллиннің 70 жылдық мерейтойы осы Иманақ тауының баурайында 1964 жылы аталып өтті.

 

Туроператорлар

 

Тарихи орындарға тасымалдау бойынша автокөлік қызметтері:

ИП «Ақжол» Болатбек +7 705 586 68 16

Александар +7 777 238 40 45

 

Тарихи орындарға турлар:

«Nomadic Travel Kazakhstan»  nomadic.kz +7 7212 996165 +7 777 2996165 (WA/TG)

«Ulytau travel» @ulytau.travel Арайлым +7 7712889373

@ulytau_tour_service услуга гида Сағи 8771 617 37  76

 

Демалыс орындары:

Садақ ату өнері @Uly_dala_jebesi 8705 248 75 34

Үстел теннисі @tale_tennis_jezkazgan 8705 251 98 11

Аттарды жалға алу орталығы @altynkaska.at.ortalygy 8776 500 27 02, 8700 654 21 03

Аттарды жалға алу орталығы @ulytau_at_ortalygy 8771 334 80 34, 8777 045 06 00

Керамикалық кескіндеме @gonchar_art_terapia 8747 494 94 19

Ай-күн өнер кеңістігі @art_house_zhez 8777 947 37 60

«Лагуна» жағажайы @lagune_beach_zhez 8777 213 30 83

«Мадагаскар» жағажайы @zhez_plyazh 8702 640 87 66, 8707 397 63 02

Жазғы бассейн «Family park» @family_park_satpaev 8705 855 17 17