Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

2026 жылдың 9 мамыр күні Аңырақай мен Бұланты шайқастарының зерттеушісі, жазушы-тарихшы, ұлт жанашыры Рүстем Бекетовті еске алуға арналған тағылымды конференция өтті.

Конференция барысында Рүстем Бекетұлының Ұлытау өңірінің тарихын зерттеудегі өлшеусіз еңбегі, Аңырақай мен Бұланты шайқастарының тарихи ақиқатын ашудағы қайраткерлігі кеңінен айтылып, тұлғаның рухына тағзым жасалды.

Жиынға Жезқазған қаласы және Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов, Ұлытау облысының құрметті азаматы Батырбек Тыныштықбайұлы Мырзабеков, журналистика саласының ардагері Шамхан Қыстауұлы Рахметов, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмас Қайырбекұлы, Ұлытау ауданының құрметті азаматы Әскербек Жақыпов, өлкетанушы Мұқанбетәлі Алирахманұлы Стамқұлов және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, естеліктерімен бөлісті.

Сонымен қатар, Рүстем Бекетұлының қызы Сәуле Рүстемқызы сөз сөйлеп, әке мұрасы мен тағылымы жайлы жүрекжарды ойларын жеткізді.

Кеш барысында Қр еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамеддин орындаған “Әке туралы ой”,  Момбеков Саламаттың орындауындағы «Алтынның сынығымын» және Диас Дәулетбаевтың орындауындағы «Атамекен» әндері көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады.

Тағылымды жиын ел тарихын түгендеп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның еңбегін ұлықтауға арналды. Рүстем Бекетұлының халқына сіңірген еңбегі мен тарихи мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.