Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

2026 жылғы 20 сәуірде Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінде адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі – Чернобыль апатының 40 жылдығына арналған «Чернобыль жаңғырығы: ерлік пен естелік» атты музейлік кездесу өтті.

Іс-шараға Чернобыль ардагерлері, жергілікті тарихшылар, әскери бөлім өкілдері, №8 гимназия, №1 және №2 Кеңгір мектептерінің оқушылары, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімдері Үңгітбаев Дархан Қадырұлы, Шалдыбаев Жасұлан Қуандықұлы және музей қызметкерлері қатысты.

1986–1990 жылдары Жезқазған өңірінен 897 азамат апат салдарын жоюға қатысқан. Кездесудің басты мақсаты – тарихи жадыны сақтау, ерлікті ұлықтау және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру.

Шараны Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Жанпейсова Эльмира Сарсенбайқызы ашып, 1986 жылғы 26 сәуірдегі апаттың қасіреті мен зардаптары туралы баяндады.Сонымен қатар Ұлытау облысының қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Мурзалин Ораз Хайроллович сөз сөйлеп, апат салдарын жоюға қатысқан азаматтардың жауапкершілігі мен ардагерлердің еңбегін атап өтті.«Чернобыль жаңғыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхит Қадырұлы Үңгітбаев және Чернобыль ардагерлері өз естеліктерімен бөлісті.

Іс-шара барысында оқушылар тақырыпқа сай өлеңдер оқып, №2 Кеңгір мектебінің 10 «А» сынып оқушысы Мухашева Айым автоматты шашып-жинау шеберлігін көрсетті. Жас әнші Тұрлықожаев Әділет «Атамекен» әнін орындады.

Кездесу аясында музей қызметкерлері дайындаған бейнеролик көрсетіліп, «Чернобыль апаты – ғасыр қасіреті» экспозициясы таныстырылды. Экспозицияда ардагерлердің жеке заттары, архивтік құжаттар мен фотосуреттер ұсынылды.

Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Тарих – тағылым, естелік – мәңгі.