Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

2026 жылдың 8 мамыр күні Ұлытау облыстық тарихи-архелогиялық музейінің конференция залында «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ауылшаруашылығы саласының майталманы, Ұлытау ауданының құрметті азаматы Ахат Райымбекұлының туғанына 100 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.

Тағылымды шараның негізгі мақсаты – ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның өмір жолын насихаттау, оның еңбегі мен адами болмысын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, тарихи жадыны жаңғырту болды.

Кеш салтанатты түрде ашылып, ҚР еңбек сіңірген әртісі Б.Көшеновтің орындауында «Ұлытау» әні шырқалды. Кеш тізгінін ұстаған модератор Ғазиз Ештанаев Ұлытау өңірінен шыққан көрнекті тұлғалар мен Ахат Райымбекұлының өмірі мен еңбегі туралы мазмұнды баяндама жасады.

Іс-шара барысында Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Жанпейісова Эльмира Сарсенбайқызы алғысөз сөйлеп, қайраткердің ел алдындағы еңбегін атап өтті.

Шара аясында Ахат Райымбекұлының өмір жолынан сыр шертетін бейнебаян ұсынылып, замандастары мен ел ағаларының жүрекжарды естеліктері тыңдалды. Сонымен қатар қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, мәдениет саласы өкілдерінің бейнеқұттықтаулары көрсетілді.

Кеш барысында ән-шашулар ұсынылып, өнер иелері көрерменге рухани әсер сыйлады.

Сондай-ақ, Қарсақбайдағы колледжге  ескерткіш тақтайша қою рәсімінен бейнематериал көрсетілді.

Шара соңында Ахат Райымбекұлының әулеті атынан сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Кеш соңында «Жезді вальсі» әні орындалып, қатысушылар естелік суретке түсті.

Бұл тағылымды кеш – елге еңбегі сіңген тұлғаны ұлықтау, оның жарқын бейнесін ұрпақ жадында сақтау жолындағы маңызды рухани шара болды.