Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

ҚР Ұлттық музейінде суретші-реставратор, ҚР Суретшілер және Дизайнерлер одақтарының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, музей ісінің үздігі Ерғазы Кеңесұлы Исатаевтың «Ұста мұрасы: дәстүр мен шеберлік» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Көрменің негізгі мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі ұсталық және қолөнер мәдениетін насихаттау, тарихи мұраның маңызын кеңінен таныстыру және ұлттық қолөнер дәстүрінің сабақтастығын көрсету.

Экспозицияның идеясы – ата-бабадан жеткен шеберлік пен ұлттық кодты бүгінгі заманмен ұштастыра отырып, көшпелі өркениеттің бай рухани және материалдық мұрасын көрерменге жеткізу.

Көрмеде автордың тарихи реконструкциялары, этнографиялық туындылары және авторлық композициялары ұсынылған. Экспозицияда батырлардың қару-жарақтары мен сауыт-саймандары, ат әбзелдері, құсбегілік құралдары, тұрмыстық бұйымдар мен зергерлік жұмыстар қойылып, қазақ халқының металл, ағаш және былғары өңдеу өнеріндегі шеберлігі айқын көрініс тапқан.

Ерғазы Кеңесұлы Исатаев – ұлттық қолөнерді жаңғыртуға елеулі үлес қосып жүрген тәжірибелі шебер, суретші-реставратор. Ол ұзақ жылдар бойы тарихи жәдігерлерді зерттеп, археологиялық деректерге сүйене отырып, көне бұйымдарды ғылыми негізде қайта жаңғыртып келеді. Шебердің еңбектері ұлттық мәдени мұраны сақтауға және оны келер ұрпаққа танытуға бағытталған.

«Ұста мұрасы: дәстүр мен шеберлік» көрмесі – дәстүрлі өнер мен заманауи көркемдік ойдың тоғысқан алаңы. Көрме келушілерді қазақ даласының терең тарихымен, ата-бабаларымыздың шеберлік дәстүрімен және ұлттық мәдениетіміздің бай мұрасымен таныстырады.