18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінде өткен дәстүрлі «Музей түні» акциясы биыл да келушілерге ерекше әсер сыйлады.
Кеш шымылдығы ұлттық дәстүрмен ашылып, «Ақ әжелер» ансамблінің шашуы мен әуелеген әні мерекенің сәнін кіргізді. Т.Қалмағамбетов атындағы филармония әншілері Зәуре Омарова мен Әділет Әбілбайдың орындауындағы әсем әуендер кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Музей алаңындағы инсталляциялар, Art Bazaar көрмелері, ұлттық нақыштағы көрме-жәрмеңкелер мен интерактивті аймақтар келушілерді тарих пен өнер әлеміне жетеледі. Киіз үй төріндегі абыз ақсақалдың тағылымды әңгімелері мен жас зерттеушілер алаңы көпшілік назарын ерекше аударды.
Мерекелік кеш музей залдарына ұйымдастырылған экскурсиямен жалғасты. Келушілер тарихи жәдігерлермен танысып, Ұлытау даласының терең тарихына саяхат жасады.
«Музей түні» — тарих пен тағылым тоғысқан, рухани құндылықтарды ұлықтаған ерекше мәдени кешке айналды.













