Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінде №7 жалпы білім беретін мектептің жазғы сауықтыру алаңының қатысушылары — 4-5 сынып оқушыларына арналған «Өз жәдігеріңді жаса» атты шығармашылық-зертханалық сабақ өтті.

Іс-шараның мақсаты – оқушыларға музейдің маңызын түсіндіру, тарих пен археологияға деген қызығушылығын арттыру, тарихи мұраларды құрметтеуге баулу болды.

Квест барысында оқушылар сақ және ғұн дәуірлеріне қатысты қызықты сұрақтарға жауап беріп, көне жәдігерлердің құпиясымен танысты. Балалар музей экспозицияларын тамашалап, петроглифтер, сақ дәуірінің мұралары, көне қыш бұйымдар мен тарихи жәдігерлер туралы тың мәліметтер алды.

Танымдық экскурсиядан кейін қатысушылар шығармашылық шеберханаға қатысып, саз балшық пен қағазды пайдалана отырып өздерінің авторлық жәдігерлерін жасады. Әр оқушы көне тарихтан шабыт алып, заманауи көзқараспен ерекше туындылар дайындап, өз жұмыстарын қорғады.

Іс-шара соңында белсенділік танытып, шығармашылық қабілеттерін көрсеткен оқушылар марапатталып, барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды. Сонымен қатар, жас шеберлердің еңбектерінен бір күндік шағын көрме ұйымдастырылып, естелік суретке түсті.