Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінде «Қамшы және салт-дәстүр» тақырыбында этнопедагогикалық танымдық сабақ ұйымдастырылды.
Іс-шараға №9 мектептің жазғы сауықтыру лагерінің оқушылары қатысып, қазақ халқының рухани және мәдени мұрасының маңызды бір бөлшегі саналатын қамшының тарихы, түрлері және жасалу ерекшеліктері туралы жан-жақты ақпарат алды.
Сабақ барысында қамшыға қатысты халқымыздың салт-дәстүрлері, ырым-тыйымдары кеңінен түсіндіріліп, балалар ұлттық дүниетанымға қатысты тың мәліметтермен танысты. Іс-шара сұрақ-жауап форматында өтіп, оқушылар белсенділік танытып, өз ойларымен бөлісті.
Мұндай танымдық кездесулер жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, ата-баба мұрасын құрметтеуге және дәріптеуге ықпал етеді.



