Белгілі фотосуретші, ұлағатты ұстаз, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Бекет Ахметұлы Түбековтің туғанына 90 жыл толуына орай «СУРЕТТІ ТҮСІРГЕН БЕКЕТ ТҮБЕКОВ» атты көрме және еске алу шарасы облыстық музейде жоғары деңгейде өтті.
Шара аясында қонақтар алдымен Бекет Түбековтің өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалап, оның фотоөнердегі қолтаңбасымен, тарихи сәттерді бейнелеген бірегей туындыларымен танысты.
Мәжіліс залында жалғасқан еске алу кешінде Бекет ағаның өмір жолы мен еңбегі кеңінен насихатталып, арнайы дайындалған бейнефильм көрсетілді. Кеш барысында әріптестері, замандастары, шәкірттері мен туған-туыстары сөз алып, тұлғаның азаматтық болмысы, ұстаздық ұстанымы және фотосуретшілік қыры туралы тағылымды естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ, Бекет Түбековтің ұлттық руханиятқа қосқан үлесі, өлке тарихын фото арқылы сөйлеткен еңбегі ерекше атап өтілді. Шара барысында әсем әндер шырқалып, ақындар жыр арнап, кеш мазмұнын тереңдете түсті.
Еске алу кешінің соңында марқұмның рухына Құран бағышталып, жиналған көпшілік тағзым етті.
Бекет Ахметұлының артында қалған мол мұрасы – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес рухани қазына. Осындай игі шаралар арқылы тұлға тағылымы ұлықталып, есімі ел жадында жаңғыра беретіні сөзсіз.

