2025 жылдың 25 желтоқсанында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейіне келіп, заман талабына сай жаңартылған, толықтырылған музей экспозияцияларымен танысты.
Жөндеу жұмыстары аясында жасалған музей ғимаратының жаңаланған қасбеті мен абаттандырылған аумағын аралап, оң бағасын берді. Сонымен қатар, облыс басшысы заманауи талаптарға сай қайта жабдықталып, жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалған жаңа экспозициялық залдарды тамашалады.
Музейді аралау барысында облыс әкімі музейдің өңір тарихын насихаттаудағы маңызын атап өтті.
«Музей – халықтың жады, ұлттың рухани қазынасы сақталатын маңызды орын. Заманауи технологияларды енгізу арқылы тарихты жас ұрпаққа жақын әрі түсінікті етіп жеткізу – басты міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді өңір басшысы Дастан Рыспеков.
Аралау жұмыстарынан кейін өңір басшысы өңір ақсақалдары және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізіп, музей қызметі мен өңірдің рухани-мәдени дамуына қатысты пікір алмасты.
Іс-шара соңында облыс басшысы музей ұжымына газель автокөлігінің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Бұл музейдің күнделікті жұмысын тиімді ұйымдастыруға және көшпелі іс-шараларды өткізуге зор мүмкіндіктер сыйлайды.







