26 қараша күні Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінде Армия генералы, «Халық қаһарманы», Ұлытау облысының Құрметті азаматы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған тағылымды іс-шара өтті.
Шара Ұлытау облысы Қорғаныс істері департаментімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Қарулы Күштерінің абыройын арттыруға елеулі үлес қосқан, елдің қорғаныс қуатын нығайтқан қаһарман тұлғаның өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етіп ұлықтау.
Жиынға облыс басшылығы, зиялы қауым өкілдері, Ұлытау облысының Қорғаныс істері департаменті мен қызметкерлері, «Тәжік–Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері», «Чернобыль жаңғырығы» ұйымдарының өкілдері, ҚР Қарулы Күштері Республикалық Ардагерлер ұйымының Ұлытау облысы бойынша төрағасы,
Ішкі істер органдарының Құрметті ардагерлері, батырдың туысы – ІІО құрметті ардагері Қайдарбек Абдырайымұлы Ержанов, ақын-әншілер, курсанттар, БАҚ өкілдері және музей қызметкерлері қатысты.
Шараны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Д.Б. Алшынбаева ашты. Қонақтар назарына Мұхтар Қапашұлының өмір жолы мен қызметі туралы бейнебаян ұсынылды.
Құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін:
— Ұлытау облысы Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ербол Серікұлы Уткелбаев,
– Қазақстанның Құрметті металлургі, «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ төрағасы, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіров,
– ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Мұқаш Сейітқазыұлы Сейтқазинов,
– ҚР Қарулы Күштері Республикалық Ардагерлер ұйымының Ұлытау облысы бойынша төрағасы, отставкадағы подполковник Марат Ахатұлы Райымбеков,
– батырдың туысы, жерлесіміз ІІО құрметті ардагері Қайдарбек Абдырайымұлы Ержанов жеткізді.
Олар қаһарманның елге сіңірген еңбегін тебірене жеткізіп, жастарға үлгі боларлық ойларымен бөлісті.
Кешті Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов пен әнші Ардақ Мұқышев рухты әуендерімен әрледі.

