Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің ұйымдастыруымен 6–20 ақпан аралығында музей қорында сақталған сағаттардан құралған «Сағаттар сыры» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шараға мәдениет саласына қарасты мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, музей мамандары, БАҚ өкілдері, сондай-ақ әр жылдары музей қорына сағат сыйға тартқан азаматтар мен олардың туыстары қатысты.

Көрменің мақсаты – өңір мен қала тарихында өзіндік орны бар тұлғаларға тиесілі, сондай-ақ қала тұрғындары сыйға тартқан қалта, қол, қабырға және алқа сағаттардан құралған музей коллекциясын көпшілік назарына ұсыну.

Көрмеге музейдің коллекциялық қорында сақталған, 1940–1950 жылдардан бастау алатын түрлі мақсаттағы 74 сағат қойылды. Олардың қатарында елімізге, өңірімізге танымал тұлғаларға тиесілі бұйымдар бар.

Сондай-ақ көрмеде музейдегі ең көне жәдігер – «Павел Буре» механикалық қабырға сағаты ұсынылды. «Павел Буре» – XIX–XX ғасырлар басында Швейцария мен Ресейде жұмыс істеген, жоғары сапа стандарттарымен танылған сағат жасаушылар бренді. Жоғары мәртебеге ие болған бұл компанияның механикалық сағаты Қарсақпайдағы ағылшындар үйінде қолданыста болған.

Салтанатты ашылу барысында көрме лентасын «Балалар–жасөспірімдер шығармашылық орталығы» КМҚК-ның қосымша білім беру педагогы, «Жас суретші» үйірмесінің жетекшісі Жұмабек Билялович Тукенов, Қазақстан Суретшілер одағы мен Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Ерғазы Кеңесұлы Исатаев және музей ардагері, Мәдениет саласының үздігі, суретші-шебер Өтеген Ахмет қиды.

Іс-шара барысында қонақтар музей қорына тапсырылған сағаттардың тарихы туралы естеліктерімен бөлісті. Тайжан Қалмағамбетов атындағы Ұлытау облыстық филармониясының әншісі Мадияр Мақсұтовтың орындауындағы әндер шараға ерекше көрік берді. Сондай-ақ сағаттар тарихына арналған бейнеролик көрсетілді.