«Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі көрме залымен» КМҚК
Жезқазған тарихи-археологиялық музейі /облыстық тарихи-өлкетану музейі / 1978 жылы 10 мамырда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен Жезқазған кен-металлургия комбинатының тарихи-өндірістік мұражайының негізінде құрылған. 1988 жылы Жезқазған облысының көне заманнан қазіргі кезеңге дейінгі табиғаты мен тарихын бейнелейтін тұрақты экспозиция ашылды. Облыстың таратылуына байланысты 1997 жылдың 4 маусымынан бастап музей тарихи-археологиялық болып аталды. 2022 жылы Ұлытау облысының құрылуына байланысты 2023 жылдың 12 наурызынан бастап «Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі көрме залымен» КМҚК-ы болып өзгертілді.
Жалпы аумағы – 1202,2 ш.м, оның ішінде 940,3 ш.м. негізгі ғимарат, көрме залы – 261,9 ш.м., 1,2 қабаттарда орналасқан экспозиция – 413,2 ш.м., көрме залының экпозициялық аумағы – 151,5 ш.м., мәжіліс залы – 55,2 ш.м. аумақты құрайды. Ғимараттың жертөлесінен археологиялық жәдігерлер, палеонтологиялық жәдігерлер, тастар мен минералдар, этнографиялық жәдігерлер, тері материалдары, ағаш, ХХ ғ. 50-70жж. тұрмыстық заттары, құжаттар, кітаптар мен мұрағат құжаттарын сақтау үшін 129,2 ш.м. аумақ берілген.
Жезқазған аймағының ежелгі дәуірден осы күнге дейінгі табиғаты мен тарихын мына экспозициялық залдардан көруге болады:
«Сарыарқа – көне құпия мекені». 1 қабаттың залында өңіріміздің көне геологиялық тарихы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, сонымен қатар ежелгі тас дәуірі, қола заманы, түрік және ортағасырлық кезеңдерінің жәдігерлері, қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің үлгілері көрсетілген;
«Тарих – біздің асыл қазынамыз». 2 қабаттағы залда «Қазақстан. ХV-ХIХғғ.», «ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы саяси қозғалыстар», «Жезқазған: қалыптасу және даму тарихы», «Жезқазған қаласының Құрметті азаматтары», «Тәуелсіз Қазақстан: тұрақтылық пен өркендеу жолында» экспозициялары орын алған.
Экспозициялық—көрме залында Қазақстанның және Жезқазғанның белгілі суретшілері мен қолданбалы өнер шеберлерінің жұмыстарының көрмесі, сонымен қатар музейдің ақылы жобаларының көрмелері, кездесулер, баспасөз-конференциялар, атаулы мерейтойларға арналған көптеген іс-шаралар өтеді.
Музейдің конференц-залында ғылыми-тәжірибелік конференциялар, музейлік кездесулер, дөңгелек үстелдер және Ғылыми Кеңестің отырысы өткізіліп отырады.
- Музей қызметінің негізгі бағыттары – ғылыми зерттеу, жинақтау,
тіркеу-сақтау, экспозициялық және насихаттау жұмыстары. Музейде 14 ғылыми қызметкер өлке тарихы және музейтану мәселелері жайында ғылыми ізденістермен айналысады, ал 3 суретші экспозициялық және көрмелік жұмыстарды жоғарғы деңгейде орындайды. Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің құрамында 5 бөлім жұмыс атқарады:
- Тарих және археология бөлімі;
- Экспозиция бөлімі;
- Қор сақтау бөлімі;
- Экскурсия-бұқаралық бөлімі;
- Көркем-көрме бөлімі;
Қазіргі таңда музей қорында жәдігерлер саны 53562 сақтау бірлігін құрады, оның ішінде 26162 негізгі қорды, 27400 ғылыми-көмекші қорды құрайды.
Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі «Жас өлкетанушы», «Жас экскурсовод» үйірмесі аясында мектеп оқушыларына тарихи-танымдық инсталляциялар, шеберлікке баулу сабақтар, интерактивті және тақырыптық экскурсиялар, дөңгелек үстелдер жүргізіп отырады. Тұрақты түрде «Алтын қор: музейлік кездесу», «Елінің елеулі азаматтары: ұрпаққа үлгі» атты музейлік жобалары аясында кездесулер, көрмелер өтеді. Музей қорын құнды және сирек кездесетін экспонаттармен толықтыру мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде «Тарихта өз атыңды қалдыр» акциясы ұйымдастырылады. Музейге келушілерді «ХVIII ғ. Бұланты шайқасы» диорамасы, С.Қожамқұлов атындағы театр артистерінің сүйемелдеуімен жанды дауыспен қамтылып, жарықтандырылған «Ертегілер әлеміне саяхат» экспозициясы, музейдің көрме залында орналасқан «Жезқазған – ғарыш тарихы» залы қызықтырады.
Еліміздің және шетелдік музейлер мен архивтер, ғылыми орталықтар арасындағы мәдени байланысты нығайту, қазақ халқының тарихын зерттеу мақсатында 2018 жылы Республикалық «Көкжиегі кемел музейлер» және 2019 жылы Халықаралық «Ұлы Дала мұрасы» атты фестивальдер ұйымдастырылды.
Жаңа идеяларды, жобаларды іздену, оларды іс жүзінде қолдану арқылы жетістіктерге жетудің арқасында музей 2015 жылы Қазақстанда алғаш рет музейлер арасында «Ең үздік музей» атты республикалық байқауға қатысып, аталған байқаудың «Үздік мемлекеттік музей» (аудандық (қалалық) дәрежедегі) номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Байланыстар:
Мекен-жайымыз:
Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы, Алашахан даңғылы, 22, «Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі көрме залымен» КМҚК
Телефон:
Басшының қабылдау бөлмесі: +7 (7102) 737753
Басшы: +7 (7102) 737204
E-mail: ist-arh.m@mail.ru