Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

2024 жылы 12 желтоқсанында Жезқазған қаласында «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы Ұлытау облысының Тарихи-археологиялық музейімен бірлесіп Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған «Алтын Орда (Жошы Ұлысы) кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» тақырыбындағы көрменің ашылу салтанатын өткізді.

Көрменің мақсаты – Қазақстанды Алтын Орда (Жошы ұлысы) империясының мұрагері ретінде, екінші жағынан, сол кезеңнің бай тарихи-мәдени мұрасын сақтап отырған мемлекет ретінде көрсету.

Құнды жәдігерлер қатарынан Жошы ұлысы кезеңіне жататын кесенелердің безендірілген кірпіштерін, Жошы хан кесенесінің құббасын, Сарайшық қаласынан табылған ыдыс-аяқтарды, ортағасырлық бірегей монеталарды, Жошы ұлысының тарихына қатысты кітаптарды және т.б. көруге болады.

Қазіргі уақытта «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының аумағында Алтын Орда дәуіріне жататын 10-нан аса тарихи ескерткіштер сақталған. Олар: Жошы хан, Болған ана, Құлан ана, Аяққамыр (Құтлық Темір), Талмас ата, Келінтам кесенелері, Едіге мазары, Алтыншоқы төбесі және т.б.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2024 жылы 15 наурызда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толғанына, оның зор символдық мәні, әрі Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орны бар екеніне тоқталған болатын.