Ұлттық домбыра күніне орай “Самади” гипермаркетінде Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейі ұйымдастырған «Домбыра – қазақ халқының мұрасы» атты танымдық жылжымалы көрме өтті.
Шараға қала тұрғындарынан бөлек, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары, облыстық әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Зина Жұманазарқызы Ақылбекова, Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының орынбасары Мұқажанов Медет Файзрахманұлы, Жезқазған қалалық мәслихатының төрайымы Раушан Оңқонысқызы, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлбану Орынбасарқызы арнайы келіп, көрмені тамашалады.
Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары Нұрислам мен Исламбек қонақтарға арнап күй тартып, әсем әннен шашу шашты. Жас таланттардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Көрме барысында Зина Жұманазарқызы мен Раушан Оңқонысқызы көрмеге қызыққан кішкентай бүлдіршіндерге домбыра мен кітап табыстап, жас ұрпақтың рухани байлығына жол ашты.
Домбыра аспабына ерекше қызығушылық танытқан көпшілік бұл көрмеден ұлттық өнердің биік рухын сезініп қайтты.