Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Ұлттық домбыра күніне орай Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейі облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен және облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығымен бірлесіп «Домбыра – қазақ халқының құнды мұрасы» атты тарихи-танымдық көрме ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты – халқымыздың қасиетті мұрасы саналатын домбыраның тарихы мен қазақтың тағдыры арасындағы терең байланысты көпшілікке таныту, ұлттық құндылықтарды насихаттау.

Іс-шараға қаламыздың өнер иелері мен мәдениет саласының қызметкерлері, архив және кітапхана мамандары, музей ұжымы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ, филармония әншілері мен жас өнерпаздар көрермендерге өнер тарту етті.

Мерекелік көрменің шымылдығын Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бөлімінің басшысы Алшынбаева Данагүл Байзаққызы ашып, жиналған жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.

Көрмеге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, өнер зерттеушісі Серік Оспановтың жеке қорындағы домбыралар және музей қорындағы өңірге танымал тұлғалар – Маясар Жапақұлы ақынның музыкалық аспаптары қойылды.

Сондай-ақ, Өзбекстанда өткен халықаралық «Нұрай-фест» өнер фестивалінде 1500 домбырашы арасынан Бас жүлдені жеңіп алған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты жанынан құрылған «Ұлытау» домбырашылар ансамблі (көркемдік жетекшісі – Ақбота Омарова) және мектептің жас өнерпаздары, филармония әншілері көрмелік іс-шараны мерекелік көңіл-күймен әрледі.

Қазақтың шертпе күй мектебінің айтулы өкілі, қаратаулық күй дәстүрінің шырақшысы, ғасырымыздың күй-шежіресі, Сүгірдің төл шәкірті, Кенесары ханның Әбубәкір деген баласынан тараған Абылай ханның жетінші ұрпағы Файзолла Үрмізов ақсақалдың баласы Үрмізов Қамбар ағамыз көрмелік ісшараға арнайы қатысып, тілек-ниетін білдіріп, өз өнерін көрсетті.

Ұлттық домбыра күніне орай Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейі мен облыстық халық мұрасын ғылыми-зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырған «Домбыра – қазақ халқының құнды мұрасы» атты тарихи-танымдық ісшара қала тұрғындары үшін қойылған әсем көрмені таныстырумен және естелік фото суреттерге түсумен өз мәресіне жетті.