Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

16 мамыр күні Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінде «Тарихта өз атыңды қалдыр» атты маңызды акция өтті. Шара мақсаты — музей қорын құнды жәдігерлермен толықтыру.

Іс-шараны Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Табылдин Мағжан Еренғайыпұлы ашып, музей ісінің маңыздылығы туралы жылы лебізін білдірді. Шара барысында музейдің  тарихынан сыр шертетін бейнеролик көрсетілді.

Акция барысында 200-ге жуық экспонат қабылданды. Оның ішінде этнографиялық, тұрмыстық, тарихи және мәдени құндылығы бар заттар бар. Жәдігерлерді өңір тұрғындары – ардагерлер, өнер майталмандары мен қарапайым азаматтар табыстады.

Шарада «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Ұлытау облыстық филиалының өкілдері Искакова Алия мен Шахмұрат Сағыныш акция қатысушыларына сый-сияпаттар тарту етті.

Сонымен қатар, музей жанашырлары, тыл ардагері 90 жастағы Мырзабаева Орынбасар апамыз бен Мырзабаева Күләш апамыз  сөз сөйлеп, келешек ұрпаққа, музей ұжымына мереке қарсаңында жылы лебізін білдіріп, сыйлық табыстады.

Сонымен қатар, Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің басшысы Зағира Шорақызы экспонаттар иелеріне алғысын білдіріп, «Алғыс хаттармен» марапаттады.

Қонақтар музей тынысымен танысып, өнерпаздардың әсерлі әнін тыңдап, естелік суреттерге түсті.

Ұлттық мұрамызды бірге сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз!