Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен және Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің ұйымдастыруымен музейде «Туған өлке тарихының шырақшысы» атты өлкетанушы Сүтемген Бүкіров атындағы I Жас өлкетанушылары форумы өтті.
Форумның мақсаты – Ұлытау — Жезқазған өңірінің қазыналы шежіресін тірнектеп жинақтаған өлкетанушы, археограф, музей ісінің негізін қалаушы, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жезқазған қаласының құрметті азаматы Сүтемген Бүкіровтың мұрасын насихаттау.
Форумға қоғам қайраткерлері, облыс және қала басшылығы, мәдениет, білім беру саласының қызметкерлері мен музей қызметкерлері, өңір өлкетанушылары мен тарихшылары, жасөлкетанушылардың жетекші ұстаздары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Облыс көлемінен форумға қатысуға өтініш білдірген жалпы білім беру мектептерінен жас өлкетанушы атағына үміткер 26 оқушының мақаласы келіп түсті.
Негізінен форум Ұлытау өңірінің тарихи құндылықтары мен ерекшеліктерін, Ұлытауда өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмір жолдарын зерттеуге ынта білдірген оқушыларға қолдау білдіру мақсатында қолға алынған бастама болғандықтан, форумда оқушылардың туған өлкеге деген көзқарастары мен шығармашылық қабілеттерінің шыңдалуына, өз ойларын терең жеткізе білу ерекшеліктеріне, алғырлығы мен ізденімпаздығына, жан-жақтылығына, зеректігіне аса мән берілді.
Форумға қарастырылған жүлде қоры:
- 1 бала – І орын (35 мың теңге сыйақы);
- 1 бала – ІІ орын (30 мың теңге сыйақы);
- 1 бала – ІІІ орын (25 мың теңге сыйақы);
- 10 бала – «Жас зерттеуші» номинациясы бойынша (20 мың теңге сыйақы);
- 13 бала – «Жас талап» номинациясы бойынша (15 мың теңге сыйақы) жүлде бірлігін құрады.
Іс-шара Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Алшынбаева Данагүл Байзаққызының алғы сөзімен бастау алып, Ұлытау облысының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожамсейітов Сағындық Үсенұлының,Қазақстанның Құрметті журналисі, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Батырбек Тыныштықбайұлы Мырзабековтың, «Ұлытау» облыстық телерадиокомпаниясының креативті директоры Үмбетова Базаргүл Сейітжанқызының, бүгінгі форумға арнайы келген Сүтемген Бүкіровтың қызы Гүлнаш апамыздың сөзімен жалғасын тапты. Гүлнаш апамыз жас өлкетанушыларға лебізін білдірумен қатар музей ұжымына «Қазақстанның Алтын кітабы» атты көлемді энциклопедиялық кітапты сыйға тартты.
Жоба қатысушыларына эксукурсия бөлімінің басшысы Э.Мухамедина мен тарих және археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері З.Ерзакова экскурсия жасап, музей залдарын аралатты.
Жас өлкетанушылар «ашық микрофон» айдарында іс-шараға арнайы шақырылған техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның Құрметті металлургі Төлеген Бүкіровке, өлкетанушы, Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері — Қожахметов Бақтияр Сапарбекұлына және ф.ғ.к., доцент, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі — Ештанаев Ғазиз Елеусізбайұлына өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.
Форумның салтанатты марапатау сәтінде қазылар алқасының құрамы, атап айтсақ, техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның Құрметті металлургі Төлеген Бүкіров, М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің басшысы Қазанбаева Зейпін Зікірқызы, ғалым, археолог, өлкетанушы — Сембинова Ляззат Абылқасымқызы және Ұлытау облысы білім басқармасының «Ұлытау дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығының басшысы Төлен Руслан Қайратұлы жас өлкетанушыларды әділ шешіммен бағалап, жүлделі орын алған жас дарындарды құттықтап, тілек-ниеттерін білдірді.
Сонымен қатар Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы Қапарова Раушан Оңқонысқызы өз тарапынан “Көрермен көзайымы” номинациясын ұсынып, лайықты оқушыларды марапаттады.
Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларынан, Жаңаарқа ауданы, Жезді, Жәйрем кенттерінен, Талап, Кеңгір, Ералиев ауылдарынан қатысқан өлкетану ғылымына талаптанушылардың мақалаларын Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі «Туған өлке тарихының шырақшысы» атты жинақ түрінде шығарып, қатысушыларға сыйлады.
Оқушылар кеуделеріне тағылған «Жас өлкетанушы» значогы мен алған марапаттарын мақтанышпен көрсетіп, естелік фотоларға түсіп, форумның алғашқы күнін аяқтады.