Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен және Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің ұйымдастыруымен 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай «Ұлытау петроглифтері» атты дөңгелек үстел өтті.
Бұл күн 1982 жылы ЮНЕСКО құрған Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау жөніндегі кеңестің Ассамблеясымен қоғамның назарын әлемдік мәдениетті қорғауға және сақтауға аудару мақсатында құрылған болатын.
Іс-шараның басты мақсаты — Ұлытау облысының территориясындағы петроглифтердің зерттелуі, сақталуы және бүгінгі таңда атқарылған жұмыстардың нәтижесін кеңінен насихатау.
Дөңгелек үстелге облысымыздың атаулы тарихшылары, археологтары, туризм саласының мамандары, музей басшылары және қызметкерлері, өлкетанушылар, БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара музей қорындағы тас, қола, орта ғасыр дәуіріне жататын экспонаттар көрмесімен таныстырудан бастау алып, алғы сөзі Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Мұқажанов Медет Файзрахманұлына берілді.
Дөңгелек үстелде өлкетанушы, Қ.И.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайының директоры Балкенов Кенжал, «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының бас инспекторы Искаков Айдар, ZOOM арқылы тарих ғылымдарының кандидаты, phD докторы Утубаев Жанболат, өлкетанушы Қожахметов Бақтияр, ғалым-археолог Сембинова Ляззат, «Даму-Ұлытау» ҚБ басшысы Тұрсынбаева Кания, “Respublica” партиясы Ұлытау облысы филиалының төрағасы Оңғарбаева Свлетлана, С.Сейфуллин атындағы Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Шубаев Ерболат, тарихшылар Курманалиев Сабит, Бермаганбетов Арман, Бирмуханова Алтынай, Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Омарова Светлана сөз сөйлеп өз ойларын ортаға салды.
Нәтижесінде облысымыздың тарихшылары, археоглогтары, туризм саласының мамандары, музей басшылары, өлкетанушылары қатысқан өңіріміздің тарихи ескерткіштеріне байланысты өзекті мәселелер алдағы уақытта оң-шешімін табады деген ойдамыз. Іс-шарада Ұлытау петроглифтерін баяндайтын бейнесюжет көрсетілді.