Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

2024 жылдың 30 мамыр күні Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің көрме залында Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің және «AMANAТ» партиясы Ұлытау облыстық  филиалымен бірлесіп ұйымдастыруымен Жезқазған қаласының 70 жылдығына және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 7 жасар жас дарын, Жезқазған қаласының №1 жалпы білім беретін мектебінің және «Балалар Өнер мектебінің» оқушысы, республикалық «Алтын бала – 2022», «Күз көрінісі», «Бабалар аманаты», халықаралық «Grand Star Asia» байқауларының жеңімпазы Хамит Жансұлу Кешубайқызының «Бүлдіршіннің бейнелі бояулары» атты шығармашылық  көрмесі өтті.

Көрмені ұйымдастырудың мақсаты — жас дарынның шығармашылық белсенділігіне қолдау көрсету арқылы, жас ұрпаққа рухани эстетикалық байлықты дәріптейтін өнер саласын ұғындыру, жеткізу. Сурет салу танымды кеңейтеді, ізгілікке, әсемдікке үйретеді. Ондаған ғасырлар бойы бүкіл әлем тарапынан әсемдікті жоғалтпай жеткізген бірден-бір өнер куәгері боп саналатын сурет өнерінің шебері Жансұлу Хамиттің Жезқазған қаласының мерейтойына  арнаған 70 жұмысын тарту ету және  насихаттау.

Көрмеге қаланың мекеме басшылары, «AMANAТ» партиясы Ұлытау облыстық филиалының қызметкерлері, осы көрменің өтуіне қолдау көрсеткен кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері, талантты бүлдіршіннің ұстаздары, достары және БАҚ өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты.

Көрменің салтанатты ашылу сәтінде талантты бүлдіршіннің ата-анасы (Әкесі: қолөнер шебері, музейдің ғылыми қызметкері, «Туризм саласының үздігі», «Қазақстанның үздік мәдениет қызметкері» төс белгілерінің иегері Байдильдинов Кешубай Хамитұлы. Анасы: Жакупова Жазира Шамши-Мухамбетқызы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты №65 кеніштің қойма қызметкері) көрме қонақтарына таныстырылып, артынша іс-шараның алғы сөздері Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәдениет, әкімшілік-құқықтық жұмыс, бюджеттік жоспарлау және экономика бөлімінің басшысы Сарбаева Айгүл Сапарқызы мен «AMANAТ» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мырзабеков Ерлан Батырбекұлына берілді.

Сонымен қатар аталған көрменің жоғары деңгейде өтуіне «AMANAТ» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мырзабеков Ерлан Батырбекұлы, Жезқазған қалалық маслихатының төрағасы Қапарова Раушан Оңқонысқызы, кәсіпкерлер «Жезқазған қаласы бойынша іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ жетекшісі Исина Айман Байболқызы және Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, «Safi» кондитерлік өнімдер өнеркәсібінің басшысы Рымбаева Роза Жиханкерқызы қолдау көрсетіп, демеушілік жасады.

Іс-шара барысында балалар әлемі кейіпкерлерінің (аниматорлық қойылымы) бейнесіндегі «Қуыршақтар шоуы» мен қалалық «Шалқыма» би ансамблінің өнерпаздары өнер көрсетіп көрме көркін қыздыра түсті.

Жезқазған қалалық маслихатының төрағасы Қапарова Раушан Оңқонысқызы Жансұлу Хамитқызына өзінің және кәсіпкерлер атынан ізгі ниеті мен тілегін білдіріп, сый-сыяпаттарын табыстады. Сонымен қатар, келесі сөз кезегін №1 жалпы білім беретін мектептің директоры Жанұл Асан Мұхамбетрахымұлы алып, өзінің құттықтау лебізін білдіріп, сый-сыяпатын табыстады. Іс-шара (блиц-интервьюмен) яғни Жансұлудың және ата-анасының пікірлері, ойларын бөлісумен жалғасты.

Қорытынды сөзді Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің басшысы Калменова Зағира Шорақызы айта келе, көрме иесін құттықтап, іс-шараның өтуіне белсене атсалысқан және демеушілік көрсеткен қонақтарға алғысын білдірді. Көрменің ең маңызды сәті лента қию рәсімін орындау Ерлан Батырбекұлы мен Асан Мұхамбетрақымұлына берілді. «Ақ Әжелер»ансамблінің жетекшісі Шүкір апа мен Шынар апа Жансұлуға ыстық тілектерін білдіріп, қазақи дәстүр бойынша шашу шашты. Қонақтар көрмені тамашалап, көрмені қызықтай келген бүлдіршіндерге «Аманат» партиясы мен кәсіпкерлердің атынан дәмді-тәттілер таратылып, іс-шара естелік суреттерге түсумен өз мәресіне жетті.