2024 жылдың 20 маусым күні Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музей ұжымы аудандық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп Ұлытау ауданына қарасты Шеңбер ауылынан солтүстік-батысқа қарай 10 шақырым қашықтықта орналасқан Мақат сағанасына және Кейкі мерген үңгіріне танымдық экскурсия жасады.
Зағира Шорақызы бастаған облыстық музей ұжымымен бірге 2023 жылдың қараша айында құрылған Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Шымбергенов Рахат Таханұлы мен аудандық музейдің қор сақтаушысы Раймова Нұрсұлу бірлесе жұмыс атқарды.
Сапар барысында тарихи орындарға Шеңбер ауылының азаматы, тарих пәнінің мұғалімі Айдос Қалмажит экскурсия жасап, тың мәліметтермен бөлісіп, ақпаратты ерекше жеткізу тәсілі арқылы қызықтыра білді.
Экскурсия мақсаты — музей қорын тарихи деректермен толықтыру, сонымен қатар музей жастарына өлкеміздің тарихи жерлерін таныстыру, Ұлытау облысындағы тылсымға толы тарихи жерлерін көрсету, экскурсия барысында музейдің жас мамандарына түрлі деректерді жеткізу болды.
Және де өңіріміздегі тарихы тереңде жатқан ел арасында кеңінен тарала қоймаған киелі жерлерді көбірек насихаттау арқылы Ұлытау облысына келетін туристерге өлкеміздегі әр ғасырдағы тарихтан сыр шертетін түрлі мекендерді толығымен таныстыру мақсатында бірлескен жұмыс атқарылды.