Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

2024 жылдың 14 мамыр күні Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінде 18 мамыр – Халықаралық музейлер мерекесі қарсаңында музей қорын құнды әрі сирек кездесетін экспонаттармен толықтыру мақсатында қаңтар айынан бастап 14 мамыр аралығында ұйымдастырылған «Тарихта өз атыңды қалдыр» атты акциясының қорытынды іс-шарасы өтті. Іс-шараға акцияға қатысып экспонат өткізушілер мен музей қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара жылдар бойы мәдениет жанашыры ретінде акциямызға демеушілік көрсетіп келе жатқан «Қазақстан Халық Банкі» Акционерлік қоғамы “Ұлытау” облыстық филиалы бастығының орынбасары Р.Е.Нұрахметов пен Бөлшек бизнес орталығының басшысы Жанна Серғазықызының ізгі-тілектерімен басталып, Тайжан Қалмағамбетов атындағы Ұлытау облыстық филармониясының әншісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Зәуре Омарова ән шашуымен жалғасын тапты. Артынша 46 жыл тарихы бар музейдің тыныс тіршілігін баяндайтын бейнесюжет көрсетілді.

Акцияға белсене атсалысқан конақтар ішінен Ұлытау облысы полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасының қызметкерлері мен еңбек ардагері Т.Рысбайұлы сөз сөйледі.

Осы бірнеше айға созылған акция кезінде:

— «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің, «Ең үздік суретші», «Алтын қобыз», «Ең үздік музей қызметкері номинацияларының иегері, музейдің суретші-қайта қалпына келтірушісі Ерғазы Кеңесұлы «Жошы Ұлысының 800 жылдығына» орай Болған ана кесенесінен табылған шашқыстырғыш, алтын тостаған, алтын сырға, Алтын Орда монеталарының көшірмесін жасап өткізді;

— «Мәдениет саласының үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгілерінің, «Алтын қол шебері», «Үздік музей қызметкері» номинацияларының  иегері, музейдің экспозиция бөлімінің басшысы  Ахмет Өтеген  қазіргі таңда Томскі институтының музейінде сақталып тұрған Қаныш Сәтбаевтың домбырасының көшірмесін өткізді;

— Ұлытау облысы Полиция департаментінің жедел криминалистикалық басқармасының ұжымы 1925 жылы Жапонияда Кидзиро Намбу жасап шығарған 14 типті «НАМБУ» моделді тапаншаны музей қорына өткізді;

— Қаламыздың тұрғыны, суретші, қолөнер шебері, ағаш оюшы, Александр Кузнецовтың қызы Ирина Александровна әкесінің ағаштан ойып жасаған туындыларын өткізді;

— Сәрия Ыбырайқызының ұстаған жіп иіретін ұршығын қызы Гүлжанат Амангелдіқызы өткізді.