Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

10 тамыз – ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық музейде «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты әдеби-музыкалық танымдық кеш өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Абайдың рухани мұрасын дәріптеу, ақынның қазақ қоғамының дамуына қосқан үлесін кеңінен таныту және ұлы ойшылдың шығармалары арқылы жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейту.

Кеш барысында қатысушылар виртуалды музей саяхатына шығып, Жидебайдағы Абай музейінің экспозицияларымен, ақынның жұмыс бөлмесімен, кітапханасымен, сондай-ақ Абай мен Шәкәрімнің мемориалдық кешенімен танысты.

Танымдық саяхат интерактивті сұрақ-жауаппен жалғасып, қатысушылар Абайдың «Қара сөздері», «Толық адам» ілімі, поэзиясы, аудармалары, музыкалық мұрасы және еңбек пен кәсіп туралы ойлары төңірегінде өз білімдерін ортаға салды.

Музыкалық бөлімде Абай әндері орындалып, ақынның сырлы шығармалары арқылы кештің рухани-эстетикалық мазмұны толықтырылды.

Абай мұрасы – уақыт өткен сайын маңызын арттыра түсетін ұлттың рухани қазынасы. Ұлы ақынның «Толық адам» идеясы, білім мен ғылымға, еңбекке, адамгершілікке үндеген тағылымы ешқашан өзектілігін жойған емес.