Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ұлытау мен Жезді әскери комиссариаттары арқылы барлығы 12 мыңға жуық жерлесіміз әскер қатарына шақырылды. Солардың 3 071-і туған топырағына қайта оралмады. 1 466 жауынгер майдан даласында ерлікпен қаза тапса, 1 605 жауынгер хабар-ошарсыз кетті. Бұл – Жезқазған өңірі үшін орны толмас қайғы, халық жадында мәңгілікке таңбаланған қасіретті тарихтың ащы шындығы.
Бұрынғы Жезқазған облысынан шыққан Кеңес Одағының 12 батырының төртеуі майданға дәл осы Жезқазған өңірінен аттанды. Олар – Анатолий Павлович Живов, Аркадий Иванович Зенковский, Фёдор Яковлевич Иванишко, Николай Илларионович Колбасов. Бұл есімдер – елге деген адалдық пен жауынгерлік ерліктің биік үлгісі.
Сондай-ақ бұрынғы Жезқазған облысының аумағынан 6 жауынгер Даңқ орденінің толық кавалері атанды. Солардың ішінде Виктор Константинович Курьятов пен Жақсынбек Тілеуұлы Үншібаев Жезқазған өңірінен әскерге алынған. Олардың жауынгерлік жолы – табандылық пен қайсар рухтың символы. Майдан даласында оқ пен оттың ортасында шайқас жүріп жатқан шақта, тылда да ерен еңбек майданы қызу өрбіді. Жезқазған өңірінің еңбекшілері майдан мен елді азық-түлікпен, ал өнеркәсіпті стратегиялық маңызы бар шикізатпен үздіксіз қамтамасыз етті. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ Жезқазған кенішіне мыс өндіру көлемін екі есе арттыру жөнінде аса жауапты міндет жүктелді.
Өнеркәсіпті жедел түрде әскери бағытқа көшірудің нәтижесінде Қарсақбай мыс қорыту зауыты қара мыс балқытуды айтарлықтай ұлғайтты. Бұл – елдің қорғаныс қуатын күшейтуге қосылған шешуші үлес еді. Тарихи деректерге сүйенсек, майданға жеткізілген әрбір төртінші оқ Жезқазған мысының есебінен құйылған.
Ер-азаматтар майданға аттанған тұста зауыттар мен фабрикалардағы ауыр еңбек әйелдер мен балалардың иығына түсті. Соғыс басталғаннан кейін бір жыл өтпей-ақ Қарсақбай мыс қорыту зауытындағы жұмысшылардың шамамен үштен бірін әйелдер мен жасөспірімдер құрады. Олар қысқа мерзімде күрделі өндірістік техниканы меңгеріп, ауыр еңбекке төтеп бере отырып, өндіріс көлемін арттыруға өлшеусіз үлес қосты. Соғыс жылдарындағы Жезқазған кеншілерінің жанқиярлық еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туы Жезқазған кеншілеріне 16 рет қатарынан табысталды. Бұл – тылдағы табандылықтың, жоғары жауапкершілік пен отансүйгіштік рухтың айқын дәлелі. Жезқазған еңбекшілері соғыстың небәрі екі жылының ішінде Қорғаныс қорына 21 миллион рубльден астам қаржы жинады. Қарсақбай мыс қорыту зауыты мен Жезқазған кенішінің ұжымдары республикадағы түсті металлургия саласының барлық еңбеккерлеріне өз қаражатына «Қазақстан металлургі» атты танк колоннасын салу жөнінде бастама көтерді.
Сонымен қатар, Жезқазған ауданының тұрғындары «Жезқазған кеншісі», «Жезқазған чекисті» атты ұшақтар жасауға, сондай-ақ «Жезқазған комбинатының комсомолы» және «Қазақстан пионері» атты танк колонналарын тұрғызуға қомақты қаржы жинады. Ақша қаражатымен қатар майдангерлердің отбасылары мен соғыс мүгедектеріне киім-кешек, аяқ киім, азық-түлік жөнелтіліп, ал алғы шептегі жауынгер-жерлестерге арнайы сыйлықтар үздіксіз жолданып отырды.
Бүгінде музей қорында Жезқазған өңірінен шыққан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне тиесілі 164 жеке материалдар кешені сақтаулы. Бұл құнды құжаттар мен жәдігерлер музей құрылған күннен бастап жүйелі түрде жинақталып келеді. Олар – Жезқазған өңірінің Ұлы Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесін айғақтайтын, ел жадын жаңғыртып, келер ұрпаққа тарихи тағылым беретін баға жетпес рухани мұра.

 

1. Қаппас Ысмағұлұлы Әлиакпаров (1918–2001)
І дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, «Маршал Г. Жуков» «Ұлы Отан соғысының партизаны» және бірнеше жауынгерлік медальдарының иегері.

 

2. Есімсейіт Бейсембаев (1909-1984)
Ұлы Отан соғысының ардагері, «Александр Невский» орденінің иегері.

 

3. Баубек Бұлқышев (1916-1944)
Ұлы Отан соғысының қаһарманы. Мәскеуді қорғау, Украинаны азат ету шайқастарына қатысқан. 1939 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарған.

 

4. Бектай Әшірбекұлы Әбсаттаров (1923-2002)
І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», ІІІ дәрежелі «Даңқ», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің, «Варшаваны алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарының иегері.

 

5. Мұқан Темірғалиұлы Балапанов (1924-2020)
І дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және көптеген мерейтойлық медальдарының иегері.

 

6. Мұхамедия Мәзбеков (1910-1998)
ІІІ дәрежелі «Даңқ», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және бірнеше мерейтойлық медальдарының иегері.

 

7. Түсіп Ершманов (1909-1991)
ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Венаны алғаны үшін», «Будапешті азат еткені үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарының иегері.

 

8. Қозғанбай Қияқбайұлы Әбиев (1922-1999)
Ерлігі үшін екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарының иегері.

 

9. Мырзағали Байбосынов (1916-2005)
І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденінің, «Жуков» орденінің, «Венаны алғаны үшін» және бірнеше мерейтойлық медальдарының иегері.

 

10. Шахмұрат Аширбеков (1922-2018)
«Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» және бірнеше мерейтойлық медальдарының иегері.

 

11. Керімбай Копбаев (1922-1979)
ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» және бірнеше мерейтойлық медальдар мен Алғыс хаттардың иегері.

 

12. Нұрым Жақыпбеков (1915-1995)
«Даңқ», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарының иегері.

 

13. Мұқатай Жетпісбаев (1898-1982)
Ұлы Отан соғысының ардагері, «Ленинградты қорғағаны үшін» және бірнеше мерейтойлық медальдарының иегері.

 

14. Сейтқали Төкебаев (1916-1989)
«Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысы үшін» және көптеген мерейтойлық медальдарының иегері.

 

15. Ауезхан Мұсабаев (1924-2001) «
1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Совет Армиясы мен Флотына ХХХ жыл» медальдарының, сондай-ақ бірнеше мерейтойлық медальдар мен Алғыс хаттардың иегері.

 

16. Қалкен Мәкенбайұлы Мәкенбаев (1924-2010)
І дәрежелі «Отан соғысы», Қазақстан Республикасының «Отан» ордендерінің және бірнеше жауынгерлік әрі мерекелік медальдарының иегері.

 

17. Ысқақ Анарқұлов
Cтахановшы, №11 шахта бастығы

 

18. Орманбек Айтенов
Кенші

 

19. Зейнулла Биболатов
Кенші

20. Каден Иманбаева
Шахтаның жарушысы маманы