Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Ұлытау өңіріндегі қола дәуірі

Ұлытау өңірі Қазақстан аумағындағы қола дәуірінің аса маңызды тарихи-мәдени орталықтарының бірі болып табылады. Бұл кезең шамамен б.д.д. II мыңжылдықты қамтиды. Табиғи-географиялық жағдайының қолайлылығы мен минералдық ресурстарға бай болуы Ұлытау аймағында ежелгі тайпалардың тұрақты қоныстануына, сондай-ақ шаруашылық пен металлургияның дамуына негіз қалады.

Қола дәуірінде Ұлытау өңірін мекендеген тайпалар Андронов мәдени-тарихи қауымдастығына жатты. Олардың шаруашылығының негізін мал шаруашылығы құрады, әсіресе жылқы, қой және ірі қара өсіру кең дамыды. Сонымен қатар, қарапайым егіншілік түрлері де қатар дамыған. Өңірдің мыс кендеріне бай болуы қола өндіру мен металл өңдеу ісінің кең таралуына мүмкіндік берді. Ұлытау аумағында ежелгі кен өндіру орындары мен металл балқыту ошақтарының іздері бүгінгі күнге дейін сақталған.

Археологиялық зерттеулер нәтижесінде Ұлытау өңірінен көптеген қоныстар, қорымдар және тас құрылыстар анықталған. Жерлеу ғұрпы марқұмдарды арнайы тас қоршауларға немесе жерлеу камераларына қоюмен сипатталады, ал қабір ішіне қыш ыдыстар, қола әшекейлер мен еңбек құралдарын қоса жерлеу дәстүрі кең тараған. Бұл деректер сол дәуірдегі тайпалардың дүниетанымы, наным-сенімдері және әлеуметтік құрылымы туралы маңызды мәлімет береді.

Ұлытау өңіріндегі қола дәуірі ескерткіштері Қазақстан аумағындағы ежелгі өркениеттің қалыптасуы мен дамуын айқындайтын құнды археологиялық мұра болып табылады. Олар бұл аймақтың көне замандардан-ақ тарихи, мәдени және экономикалық орталық болғанын дәлелдейді.

 

Айбас дарасы қорымықола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын археологиялық ескерткіш. Ол б.з.д. XIII-IX ғасырлармен мерзімделетін Беғазы-Дәндібай мәдениетіне тән.

Ескерткіш Ұлытау өңірінде, Едіге шыңынан солтүстік-батысқа қарай шамамен 3 шақырым қашықтықта, Айбас өзенінің бойында орналасқан.

Қорым ірі тас тақталардан қаланған күрделі жерлеу құрылыстарымен ерекшеленеді. Жерлеу нысандары тас қоршаулар мен жерлеу камераларынан тұрады. Марқұмдар осы құрылыстарға қойылып, жанына қыш ыдыстар мен қола бұйымдар қоса жерленген. Қорым құрамына кейінгі қола дәуіріне жататын тас қоршаулар мен обалар кіреді.

Айбас дарасы қорымы қола дәуіріндегі тайпалардың жоғары құрылыс мәдениетін, әлеуметтік жіктелуін және дүниетанымын көрсететін маңызды тарихи-археологиялық мұра болып табылады.

Қорымды алғаш 1946 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы анықтаған. Ал 1956 жылы ескерткіш академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның жетекшілігімен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы тарапынан жан-жақты зерттелген.

 

Қараағаш қорымыЖаңаарқа ауданында орналасқан қола дәуірінің ескерткіші. Ол Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жатады.

Қорымда тас қоршаулар мен обалар бар. Марқұмдар арнайы жасалған жерлеу орындарына қойылып, жанына қыш ыдыстар, қола әшекейлер және құралдар қойылған. Бұл дәстүр сол кездегі адамдардың тұрмысы, наным-сенімі және қоғамдағы орны туралы маңызды мәлімет береді.

Қараағаш қорымы Жаңаарқа өңірінің қола дәуіріндегі мәдениеті мен тарихын зерттеуге арналған құнды ескерткіш болып табылады.