Ұлттық Домбыра күніне орай Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінде «Домбыра – қазақ халқының мұрасы» атты танымдық кинолекторий өтті.
Іс-шараға №11 мектептің жазғы сауықтыру лагерінің тәрбиеленушілері қатысып, қазақтың қасиетті қара домбырасының шығу тарихымен, құрылымдық ерекшеліктерімен және музей қорында сақталған құнды домбыралармен танысты.
Бағдарлама барысында балалар назарына күй өнерінің құдіреті мен халқымыздың тағылымды аңызын арқау еткен «Ақсақ құлан» анимациялық фильмі ұсынылды.
Кинолекторий соңында оқушылардың алған білімін пысықтау мақсатында «Кім тапқыр?» атты интеллектуалдық куиз ұйымдастырылды. Қатысушылар сұрақтарға белсенді жауап беріп, өздерінің зеректігі мен ұлттық өнерге деген қызығушылықтарын көрсетті.
Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды дәріптеп, төл мәдениетімізге деген құрметті қалыптастыру – музейдің басты мақсаттарының бірі.





