Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінде №3 мектептің жазғы сауықтыру лагерінің тәрбиеленушілеріне арналған «ЭтноPlayZone» интерактивті экскурсиясы өтті.
Іс-шара барысында оқушылар қазақ халқының ұлттық ойындарының шығу тарихы, тәрбиелік мәні мен мәдени маңызы туралы қызықты мәліметтермен танысты.
Экскурсия соңында «Ұрпақ ұлттық ойынмен шыңдалады» атты сайыс ұйымдастырылып, қатысушылар асық ату, ләңгі тебу, бес тас, арқан тарту және қол күрес бойынша бақ сынады. Балалар ептілік, шапшаңдық пен ұйымшылдықтарын көрсетіп, ұлттық ойындардың рухын сезіне білді.
Ұлттық ойындар – ұлттың асыл мұрасы. Олар жас ұрпақты достыққа, әділ бәсекеге, батылдыққа және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелейді.







