Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінде «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығымен бірлесе ұйымдастырған «Күлтөбе қалажұрты: көне Түркістан тарихының бастауы» атты республикалық жылжымалы көрменің ашылуына арналған баспасөз конференциясы мен салтанатты рәсім өтті.

Іс-шараға Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшылығы, музей саласының мамандары, ғылыми қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері және зиялы қауым қатысты.

Баспасөз конференциясында көрменің ғылыми тұжырымдамасы таныстырылып, Күлтөбе қалажұртының археологиялық және тарихи маңызы, сондай-ақ Түркістан мен Ұлытау өңірлерінің тарихи-мәдени сабақтастығы кеңінен сөз болды.

Салтанатты ашылу барысында құттықтау сөздер айтылып, екі музей арасындағы ғылыми және мәдени ынтымақтастықтың маңызы ерекше аталып өтті.

Көрменің негізгі экспозициясын сан ғасырлық тарихты қамтитын қыш бұйымдары, тұрмыстық заттар және сирек кездесетін нумизматикалық коллекциялар құрады. Келушілер назарына барлығы 172 бірегей жәдігер ұсынылды. Олардың қатарында I–IV ғасырлардағы ошақтар, VII–VIII ғасырларға жататын өрнектелген саптыаяқтар, XIV ғасырдың құмыралары мен су құбырының түтіктері, сондай-ақ XVIII–XIX ғасырлардың шамдары мен тостағандары бар. Бұл жәдігерлер Күлтөбе қалажұртының бай тарихи-мәдени мұрасынан сыр шертеді.

Республикалық жылжымалы көрме – ұлттық тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге, музейлер арасындағы кәсіби тәжірибе алмасуды нығайтуға және жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтуге бағытталған маңызды мәдени жоба.