Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінде «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығымен бірлесе ұйымдастырған «Қазақ жеріндегі ежелгі өркениет үлгісі – «Арыс мәдениеті» атты көшпелі көрменің ашылуына арналған баспасөз коференциясы мен көрменің ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшылығы, музей саласының мамандары, ғылыми қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Көрменің негізгі экспозициясы тамырын тереңге жайған қасиетті Ордабасы өңірінің тарихи – мәдени  ескерткіштері, музей қорындағы жүзге жуық көне тас дәуірінен бастап, ерте қола дәуірі, Сақ, Қаңлы, Түргеш, Қарахан дәуірінің құнды жәдігерлері көрермендер назарына ұсынылатын болады. Нақтырақ  айтсақ Қазақстан аумағынан сирек табылатын ерте және кейінгі қола дәуіріне жататын ғұрыптық  заттар мен соғыс құралы, ерте темір дәуірінің  қанжары мен жебе ұштары, Б.з.д. II – б.з IV ғғ жатанын Орталық  Еуразия мен ТМД елдерінің кеңістігінде баламасы жоқ  қыш  тақтайшаларға жазылған  көне  жазулар.

Ордабасы мен Ұлытау – халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен ұлттық жадының алтын арқауын жалғаған, елдік пен бірліктің, рух пен тағылымның қасиетті мекендері. Бұл қос өлке – қазақ даласының тарихында айрықша орны бар, ұлт тағдырының талайлы кезеңдеріне куә болған киелі кеңістіктер.

Көрме – қос өңірдің тарихын тоғыстырып қана қоймай, ұрпақ пен ұлы тарихтың арасындағы алтын көпірді жалғайтын тағылымды мәдени жоба. Көрме арқылы келушілер халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, өнері мен қолөнерін, ел тарихындағы елеулі кезеңдерді айғақтайтын құнды жәдігерлермен таныса алады.