Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінде екі күндік іссапармен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының археологы, PhD, аға ғылыми қызметкері Ержанова Альбина Ергешбайқызы және аталған институттың кіші ғылыми қызметкері, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Ботанов Дияр Ертесбайұлы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Іссапар барысында мамандар Талдысай қонысында 1994–2001 жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде табылған тас және сүйек бұйымдарына трасологиялық әдіс арқылы талдау жасады.

Сонымен қатар 1938–1947 жылдары Ә.Х. Марғұлан мен Н.В. Волукинскийдің Милықұдық, Сорқұдық, Кристоцентр ескерткіштерінде жүргізген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған тас және сүйек бұйымдары да трасологиялық тұрғыдан зерделенді.

Зерттеу жұмыстарына музей қорында сақталған археологиялық жәдігерлерді бақылау және зерделеу барысында музейдің қор бөлімінің қызметкерлері де қатысты.

Аталған зерттеулер музей қорындағы археологиялық мұраларды ғылыми тұрғыдан зерделеп, олардың тарихи-мәдени маңызын тереңірек ашуға мүмкіндік береді.